Елорда тынысы

Астанада "Берекелі баспана" бағдарламасы бойынша құжат қабылдау басталады

CC0 / pixabay.com / Ключи в руках, иллюстративное фото
Ключи в руках, иллюстративное фото - Sputnik Қазақстан
Жазылу
Баспана кезегінде тұрған елорда тұрғындарына 3 және 4 бөлмелі 14 пәтер беріледі. Құжаттар 21-25 қазан аралығында қабылданады

НҰР-СҰЛТАН, 18 қазан — Sputnik. Нұр-Сұлтанда 21 қазанда "Берекелі баспана" бағдарламасы бойынша жалдамалы баспана алуға өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Қалалық бағдарламаға "Әлеуметтік әлжуаз", "Жетім балалар" және "Көпбалалы отбасылар" санаты бойынша кезекте тұрған азаматтар қатыса алады. 

Құжат 21-25 қазан аралығында қабылданады, кезекте тұрғандарға 3 және 4 бөлмелі 14 пәтер беріледі. 3 пәтер (үш бөлмелі) жетім балаларға, 3 пәтер (төрт бөлмелі) көпбалалы отбасыларға, 8 пәтер (үш бөлмелі) әлеуметтік жағынан осал топтағы тұрғындарға үлестіріледі.

Әлеуметтік осал топқа мына санаттағы азаматтар кіреді: 

  • Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектері және оларға теңестірілген адамдар;
  • мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  • кейбiр созылмалы аурулардың ауыр түрімен ауыратын адамдар;
  • жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;
  • толық емес отбасылар;
  • 1 және 2 топтағы мүгедектер;
  • оралмандар; 
  • экологиялық зiлзалалар, табиғи және техногендi сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйiнен айырылған адамдар;
  • мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары. 

Бұл бағдарлама бойынша алған баспананы жекешелендіріп алуға болмайды.

Құжаттарды қалалық әкімдіктің "Тұрғын үй қоры" коммуналдық мемлекеттік мекемесі қабылдайды, ол келесі мекенжай бойынша орналасқан: Нұр-Сұлтан қаласы, Р. Қошқарбаев даңғылы, 39. Жұмыс уақыты сағат 8.30-дан 17.00-ге дейін, үзіліс - 13.00-14.30.

Баспана алуға үміткерлер келесі құжаттарды тапсыру керек:

  • өтініш;
  • өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжат;
  • өтініш берушіні және отбасы мүшелерін тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы мекенжай анықтамасы;
  • неке қию/некені бұзу, жұбайының/зайыбының қайтыс болуы, балалардың туу туралы куәліктері, өтініш берушінің некеде тұрмайтындығы туралы нотариат куәландырған өтініш;
  • өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің Қазақстан аумағында меншік құқығындағы үйінің немесе сатып алумен жалдамалы тұрғын үйінің бар немесе жоқ екендігі туралы анықтама;
  • жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар және оның техникалық сипаттамалары (балшықтан құйылған және қаңқалы-қамысты тұрғын үйдегі, жатақханадағы бөлмеде үлесі болған кезде) туралы анықтама, сондай-ақ аталған жағдайларда меншік құқығының туындауын растайтын құжаттар. 

Толығырақ мына байланыс нөмірлері бойынша ақпарат алуға болады: 79-34-50, 24-84-67.

Жаңалықтар
0