АЛМАТЫ, 22 қазан – Sputnik. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоғары оқу орындары оқытушыларының заңсыз сыйлық алғаны үшін жазаны күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Агенттік төрағасы Марат Ахметжановтың айтуынша, жоғары оқу орындарында сыбайлас жемқорлық әрекетінің ең көбі Атырауда – 24%, Нұр-Сұлтан – 20%, Шымкент – 12,5%, Алматы қаласы мен облысында – 12%, Маңғыстау – 10% және Түркістан – 9% облыстарында жасалған.
"Көбінесе бейресми төлемдердің 64%-і сессияны жабуға, 14%-і университетке түсу үшін берілген. Әрбір үшінші жағдайда ЖОО қызметкерлері, өзгесінде делдалдар мен үшінші тұлғалар қатысумен болған. 95% жағдайда сыйлық түрінде 5 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақша берілген. Гүл немесе тәттілер де бар. Сауалнамаға қатысқандардың 28%-і "басқа амал жоқ" деп жауап берсе, ал әрбір бесінші адам "бұл мәселені шешу ыңғайлы әрі оңай жолы" екенін айтқан", - делінген агенттік таратқан ақпаратта.
Соған байланысты агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Сол құжат аясында мемлекеттік емес ұйым қызметкерінің заңсыз сыйлық алғаны үшін жауапкершілікті көздейтін қылмыстық кодекстің 247-бабы ("Заңсыз сыйақы алу") бойынша санкцияларды күшейту ұсынылды. Бұл тізімге жоғары оқу орындарының оқытушылары да кіреді.
"Бұл осындай жағдайларды теріс қылық санатынан орташа ауырлықтағы қылмыс санатына ауыстыруға мүмкіндік береді", - деп хабарлады агенттік.
Айта кетері, соңғы үш жылда білім беру саласында 400-ден астам сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық тіркелген. Жасаған заңсыз әрекеті үшін 270 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Олардың арасында білім вице-министрлері, министрлік еншілес ұйымдары басқармаларының төрағалары, облыс әкімдері орынбасарлары, облыстық және аудандық деңгейдегі білім басқармалары мен бөлімдерінің басшылары, ЖОО ректорлары, мектеп директорлары бар.
Бұған дейін Алматы облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жер телімін талан-таражға салды деген күдікпен бірнеше адамды ұстады.
Соған байланысты қазір Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығына және мемлекеттік органдардың басқа да лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүріп жатыр.