Білім

Халықаралық сарапшылар Қазақстандағы еңбек нарығына талдау жасады

© Sputnik / Абзал КалиевБетперде таққан адамдар, архив сурет
Бетперде таққан адамдар, архив сурет - Sputnik Қазақстан, 1920, 13.08.2021
Жазылу
Қазақстандағы мамандардың тек бес проценті қосымша білім алу арқылы біліктілігін арттыруға ұмтылады

АЛМАТЫ, 13 тамыз – Sputnik. Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының халықаралық сарапшылары Қазақстандағы ересек тұрғындардың үздіксіз білім алуға аз тартылғанын байқаған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов Ұлттық біліктілік жүйесі тақырыбында өткен брифинг кезінде айтты.

Оның сөзінше, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымының деректеріне сәйкес, 2018 жылы ересек халықтың тек 17%-і (16-65 жас) формалды емес білім алуға қатысқан. Оның ішінде әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда жоғары.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 200-ге жуық колледж маман даярлау құқығынан айырылды

"Бұрын ресми берілген білімді біліктілікті көтерусіз 10 жыл пайдалануға болатын. Қазір көптеген мамандық бойынша дағды екі жылдан кейін өзектілігін жоғалтады. Сонымен қатар Қазақстанда жұмыспен қамтылғандардың 4-5%-і ғана жыл сайын кәсіптік оқуға немесе жалпы дамыту курстарына қатысады", - деді ол.

Мемлекет қандай шара қолданып жатыр

"Осы мәселелерді шешу үшін министрлік Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр", – деп хабарлады вице-министр.

Оның сөзінше, жүйе біліктіліктің 8 деңгейінен тұрады. Ол маманның деңгейін анықтап, қандай кәсіптік білімі болуы қажет екенін айқындайды.

"Орындалатын жұмыстардың күрделілігіне қарай нақты саладағы маманның біліктілігіне қойылатын талаптарды жіктейтін 36 салалық біліктілік шеңбері жаңартылды. Қазір 589 кәсіптік стандарт бекітілді, олар нақты кәсіппен айналысу үшін қандай білік пен білім қажет екенін түсінуге мүмкіндік береді", - деді Сарбасов.

Бекітілген кәсіптік стандарттар 2 689 мамандықты және бүкіл ел бойынша экономикалық қызмет түрінің кіші класының 27%-ін қамтиды.

"Салаларды бөліп қарасақ, кәсіптік стандарт құрылыс (94,4%), ауыл шаруашылығы (78%), ақпарат және байланыс (57,9%) салаларында көп қамтылған. Жұмыс берушілер 2025 жылға қарай экономикалық қызмет түрінің кіші кластарын 70%-ке дейін қамтып, жаңа кәсіптік стандарттарды жаңарту жөніндегі жұмысты жандандырады", - деп толықтырды Ақмәди Сарбасов.

Оқи отырыңыз: Қандай мамандықтар жойылып кетуі мүмкін – сарапшы пікірі

Сондай-ақ денсаулық сақтау және қаржы саласында маманның талапқа сәйкестігін растауы қажет 72 кәсіп түрі бекітілді.

Сонымен қатар біліктілікті ғана емес, жеке дағдыларды анықтау да мамандарға деген сұранысты арттырады. Осыған байланысты электрондық еңбек биржасында еңбек нарығында талап етілетін арнайы (кәсіби) және жалпы (икемді) дағдылардың тізбесі – дағдылар банкі құрылды.

Оған 8 мың дағды енгізілді, олардың ішіндегі ең танымалы бойынша қысқа мерзімді оқыту курстары мен онлайн курстар әзірленіп жатыр.

Жаңалықтар
0