АСТАНА, 11 мамыр – Sputnik. Қазақстан мен Бразилия бір-бірі үшін Еуразия мен Латын Америкасына шығатын "қақпа" бола алады, деп есептейді екі елдің сыртқы істер ведомстволарының басшылары.
Бұл туралы Ермек Көшербаевтың Қазақстанға ресми сапармен келген Мауро Виейрамен кездесуі кезінде айтылды.
"Қазақстан Бразилияны Латын Америкасындағы негізгі әрі сенімді серіктес ретінде қарастырады. Бүгінгі келіссөздер ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға өзара мүдделілікті растады", – деп атап өтті Көшербаев.
Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар 2025 жылы 295 млн АҚШ долларын құраған тауар айналымының оң серпінін атап өтіп, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика және инвестициялар салаларындағы өзара іс-қимылды одан әрі кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін айтты.
Халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін көлік-логистикалық әлеуеттің стратегиялық маңызына да ерекше назар аударылды.
"Халықаралық күн тәртібі аясында Қазақстан мен Бразилия халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысына сәйкес қақтығыстарды бейбіт жолмен реттеуге бейілділігін растады, сондай-ақ жаһандық климаттық күн тәртібі мәселелері бойынша ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті", - деп жазылған СІМ хабарламасында.
Сапар аясында екі елдің жетекші іскер топтарының қатысуымен бизнес-форум ұйымдастырылып, оның барысында B2B және B2G форматтарындағы кездесулер өтті. Қатысушылар жоғары технологиялық ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және цифрлық технологиялар секілді басым бағыттардағы бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады.
Іс-шара қорытындысы бойынша екі елдің Ауыл шаруашылығы министрліктері арасында мал шаруашылығы саласындағы, сондай-ақ "KAZAKH INVEST" ҰК" АҚ мен "ApexBrasil" Экспортты дамыту агенттігі арасында өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.