АСТАНА, 11 мамыр – Sputnik. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Ақан Оңғарұлы және археолог Андрей Астафьевпен бірге Түпқараған ауданындағы Қарақабақ қалашығына барды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығы
Алдымен өңір басшысы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған Қарақабақ қалашығынан табылған тарихи жәдігерлермен танысты.
Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығы
Одан кейін делегация аталған археологиялық нысанға барып, жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен танысып, алдағы бірлесе атқарылатын жұмыстарды талқылады.
Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығы
Мамандардың айтуынша, Қарақабақ қалашығы б.з. I-VI ғасырларына жататын көне сауда және қолөнер орталығы болған.
Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығы
"Археологиялық зерттеулер бұл өңір арқылы осыдан 2000 жыл бұрын халықаралық сауда қатынастары жүргенін дәлелдеп отыр", - деп жазылған хабарламада.
Қарақабақ Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағындағы маңызды теңіз-құрлық сауда торабы ретінде Каспий маңы мемлекеттерінің саяси, экономикалық және сауда байланыстарында ерекше рөл атқарған.
"Қалашықтан Византия, Үндістан, Рим, Парсы және Қытай елдерімен байланысты дәлелдейтін тиындар, мөрлер, қыш ыдыстар мен түрлі жәдігерлер табылған. Сондай-ақ археологтар көне порт қызметін атқарған аймақтың іздерін, қолөнер өндірісі мен теңіз саудасына қатысты көптеген деректерді анықтаған", - дейді ғалымдар.
Ғалымдардың пайымдауынша бұл қала ІІ ғасырдағы Рим ғалымы Клавдий Птолемей жасаған Каспий теңізінің шығыс жағалауының картасында Аспабота деген қала-мемлекет ретінде көрсетілген.
Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығы
"Бұнда жер астында көне қаланың орны жатқаны анықталып отыр. Қазіргі тілмен айтқанда, бұл өз дәуірінің ірі логистикалық хабы болған деуге болады. Бұл деректер ата-бабаларымыз тек көшіп-қонып, мал шаруашылығымен ғана айналысты деген түсінікті жоққа шығарады. Керісінше, мұнда үлкен сауда айналымы жүргенін, өркениет болғанын дәлелдейді", – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығы
Сондай-ақ мамандар Маңғыстауда археологиялық туризмді дамыту бойынша ұсыныстарын таныстырды.
Маңғыстау облысындағы Қарақабақ қалашығы
Жоба аясында Қарақабақ аумағында ғылыми-археологиялық база, ашық аспан астындағы музей, туристік инфрақұрылым мен арнайы экскурсиялық бағыттар құру жоспарланып отыр. Бұл бастама өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен танытып, туризм саласының дамуына серпін береді деп жоспарланып отыр.