АСТАНА, 11 мамыр – Sputnik. Қазақстан 2027 жылғы үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізу эстафетасын ресми түрде қабылдады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) туын салтанатты табыстау рәсімі Лондонда өтіп жатқан қазіргі әлем чемпионаты алаңында ұйымдастырылды.
Осы сәттен бастап Қазақстан әлемдегі ең ірі халықаралық спорттық жарыстардың бірін ұйымдастырушы мәртебесін ресми түрде иеленді.
"Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде алғаш рет үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізетін мемлекет атанып отыр. Бұл – бүкіл өңір үшін тарихи жетістік. Осындай деңгейдегі турнирді өткізу отандық спортты дамытуға және елдің халықаралық беделін нығайтуға маңызды серпін береді", - деп жазылған хабарламада.
Чемпионатқа спортшылар, жаттықтырушылар, ұлттық федерациялар өкілдері, төрешілер мен халықаралық делегаттарды қоса алғанда шамамен 1250 ресми өкіл келеді деп күтіліп отыр.
Үстел теннисінен әлем чемпионаты 2027 жылғы 22-30 мамыр аралығында Астанада өтеді.
2027 жылғы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу туралы шешім 2025 жылғы 27 мамырда Қатардың Доха қаласында өткен ITTF бас ассамблеясында қабылданған болатын. Турнирді өткізу құқығына Қазақстаннан бөлек Франция, АҚШ, Қытай және Бразилия үміткер болды.
Финалда Қазақстан 54,68 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетті.