АСТАНА, 10 мамыр – Sputnik. Өскеменде жол қозғалысы ережесін бұзған азаматтар жауапқа тартылды, деп хабарлады ішкі ітер министрлігі.
Құқық бұзушылар әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында анықталған.
"Полиция қызметкерлері жүріп бара жатқан көлік жолаушысы әйнектен аяғын шығарып, өзіне және өзге де жол қозғалысына қатысушыларға қауіп төндірген бейнежазбаны анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Тексеру іс-шараларының нәтижесінде жүргізуші мен жолаушы анықталды. Құқық бұзушылар заң аясында жауапкершілікке тартылып, профилактикалық әңгіме жүргізілді.
Полиция жол қозғалысы кезінде тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтамау ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін еске салып, мұндай құқық бұзушылықтарға жол берілмейтінін ескертті