АСТАНА, 9 мамыр – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
Президент Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде миллиондаған отандасымыз жанқиярлықпен шайқасқанын, аянбай жұмыс істеп, әскерді керек-жарақпен қамтамасыз еткенін атап өтті.
"Жүзден астам жерлесіміз "Даңқ" орденінің толық кавалері атанды, бес жүз адам Батыр атағын алды, ондаған мың азамат жауынгерлік ерлігі және қажырлы еңбегі үшін марапатталды. Біз аға буынның өшпес даңқын ешқашан ұмытпаймыз. Жаужүрек сардарлар мен сарбаздардың құрметіне мемориалдар орнатылды, кітаптар шығарылып, фильмдер түсірілді, сондай-ақ көшелерге, мектептерге, музейлерге, әуежайларға, әскери бөлімдер мен институттарға ел қорғаған ерлердің есімі беріліп жатыр", - деп жазылған құттықтауда.
Мемлекет басшысы қаһарман ардагерлеріміздің ерен ерлігінің мән-мағынасын өскелең ұрпақтың санасына сіңіру бүгінгі буынның қасиетті парызы екенін айтты.
"Біз ержүрек майдангерлердің қайтпас қайсарлығы мен асқақ рухының арқасында дербес әрі бейбіт елде өмір сүріп келеміз, сондай-ақ, төл мәдениетімізді дамытып, қазіргі заманның игілігін сезініп отырмыз.
Қазақстанды бүкіл әлем біледі және құрметтейді. Біз жаңа Конституция ережелеріне сәйкес Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ата заңымыз ешкімді ұлтына, наным-сеніміне қарай бөліп-жармайды, барлық азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бірдей қорғайды", - деп толықтырды Тоқаев.
Оның айтуынша, Ұлы Жеңіс күні – ең алдымен, жауынгерлік ерлігі мен жігерлі еңбегінің арқасында мамыражай заманға жеткізген батырларымыздың есімін ел жадында жаңғырту күні.
"Бұл – ұлан-асыр тойға емес, мәнді әрі мағыналы ойға шақыратын мереке", - деп түйіндеді президент.