АСТАНА, 8 мамыр – Sputnik. Астанадан Франкфуртқа ұшқан ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонды, деп хабарлайды Air Astana.
8 мамырда Астана - Франкфурт бағыты бойынша ұшқан әуе рейсі шұғыл Ақтөбеге қонды.
"KC921 рейсі Астанадан сағат 08:54-те ұшып шығып, техникалық себеппен 11.34-те Ақтөбеге қонған. Әуе кемесінің экипажы стандартты қауіпсіздік рәсімдеріне сәйкес қону туралы шешім қабылдады. Қону штаттық режимде өтті", - дейді әуе компаниясы.
Жолаушыларды одан әрі тасымалдау үшін әуе компаниясы Алматыдан резервтік ұшақ жіберген. Жолаушылар Франкфуртқа бүгін 14.20-да ұшады деп жоспарланып отыр.
Көлік министрлігінің мәліметінше, әуе кемесінің бортында 93 жолаушы, оның ішінде 4 бала мен 1 нәресте, сондай-ақ экипаждың 9 мүшесі болған. Ведомство оқиғаны тергеп-тексеруге кірісті.