Алматыда 9 мамырда "Мәңгілік даңқ" шеруі өтеді

Шерудің мақсаты – жеңімпаз халықтың тарихи-батырлық мұрасын сақтау
Sputnik
АСТАНА, 8 мамыр – Sputnik. Алматыда 9 мамырда "Мәңгілік даңқы" шеруі өтеді. Бұл туралы Ауғанстан соғыс ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестіктерінің үйлестіру кеңесінің басшысы Мұрат Әбдішкүров айтты.
Алматы қаласы Ауғанстан ардагерлерінің одағы әкімдікпен келісе отырып, "Батырларға тағзым – мәңгілік жадымызда" патриоттық акциясын ұйымдастырады", - деп жазды Мұрат Әбдішкүров әлеуметтік желіде.
Іс-шара өтетін жер – Гоголь көшесіндегі орталық мәдениет және демалыс саябағы. Сол жерде "Жеңіс лентасы" және Қазақстанның мемлекеттік тулары таратылады.
Қатысам деушілер сағат 8.30-дан бастап жинала берсе болады. Ал сағат 10.00-де шеру 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағынан басталады, дейді Әбдішкүров.
"Мәңгілік алау жанында бүкіл адамзатты ХХ ғасырда фашизмнен құтқарған әкелеріміздің, аталарымыздың, аналарымыздың, әжелеріміздің ерлігіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қоямыз", - дейді Әбдішкүров.
Шерудің мақсаты – балалар мен болашақ ұрпақ үшін халықтың тарихи-батырлық мұрасын сақтау.