Таразда менеджер клиенттер мен автосалонды 334 млн теңгеге алдаған

Sputnik
АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Таразда автосалонның 25 жастағы бас менеджері клиенттер мен өз компаниясын 334 млн теңгеге алдаған, деп хабарлады Бас прокуратура.
Ол автосалонда сату бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген.
"Клиент әйелді құны 90 млн теңге тұратын көлігін жаңасына ауыстырып беремін деп алдаған. Оның көлігін сатып жіберіп, ақшаны өзіне жаратқан, содан кейін басшылыққа білдірмей, автосалонға тиесілі құны 83 млн теңге тұратын жаңа көлікті оған беріп жіберген", - дейді прокуратура.
Бас менеджердің былығы бұнымен бітпеген. Ол автосалонда сатуға қалдырылған құны 68 млн және 34 млн теңге тұратын көліктерді сатып, ақшаны иемденген.
"Сонымен қатар автосалонға тиесілі құны 59 млн теңге болатын жаңа Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағамен сатып жіберген", - дейді прокуратура.
Сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны және басқа біреудің мүлкін иемденіп, жымқырғаны үшін кінәлі деп тауып, 5 жыл 1 айға бас бостандығынан айырған.
Прокурордың қорытындысы бойынша сот актілері өзгертіліп, бас бостандығынан айыру мерзімі 8 жылға ұлғайтылған, себебі келтірілген залал өтелмеген.