АСТАНА, 6 мамыр – Sputnik. Ұлы Отан соғысының ардагері Кенжебай Мәденовке "Халық қаһарманы" атағы берілді, деп хабарлады Ақорда.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Ұлы Отан соғысына қатысушы Кенжебай Мәденұлы Мәденовке (марқұм) "Халық қаһарманы" атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен "Отан" ордені тапсырылды", - деп жазылған хабарламада.
Кенжебай Мәденов туралы не білеміз?
1925 жылы 19 ақпанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.
Ұлы Отан соғысында "Берлин" операциясына қатысқан, әскери іс-әрекеттер барысында өзін ержүрек әрі батыл командир ретінде көрсеткен.
29 сәуірде Мәденовтың взводы бірінші болып немістердің Рейхстагтан кейінгі негізгі ұясы Ратуша үйіне басып кірді. Ол жөнінде қолбасшы Г.К. Жуковтың, әскери тарихшы П.Беланның, орыс жазушылары М.Мержановтың, Ф.Боковтың, неміс жазушылары К.Похе мен Г.Олиганның, қазақ жазушысы Ғ.Слановтың шығармаларында айтылған.
Ұлы Отан Соғысындағы ерліктері үшін бірнеше орденмен марапатталған:
Екі рет "Қызыл жұлдыз",
Ұлы Отан Соғысының 2 дәрежелі ордені,
Бірнеше медаль.
1946 жылдан бастап Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінде жұмыс істеді. 26 жыл ішінде оперативті-ізденіс жұмыстарының қызметкерінен Гурьев облысы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басқарма төрағасына дейін көтерілген.
Жұбайы Ғазизамен бірге өмірге үш баланы тәрбиелеп өсірді. Соғыс барысында алған ауыр жарақаттарының әсерінен 1974 жылы 26 желтоқсанда көз жұмды.