АСТАНА, 5 мамыр – Sputnik. Қазақстан шетелде инвесторларды қолдау орталықтарын ашады. Бұл туралы Олжас Бектенов инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өткізген кеңесте айтылды.
Жиында "Kazakh Invest" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов инвестициялық циклдің жаңа архитектурасы шеңберінде сыртқы контурды күшейту тәсілдері туралы баяндады.
"Компания АҚШ, Германия, Қытай, Ресей, Түркия, Малайзия және Катар сияқты жеті негізгі елде толыққанды қатысуын қалыптастырды. Шетелдегі өкілдіктер "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін инвесторларды қолдау орталықтарына айналдырылады",- деп жазылған хабарламада.
Бұл ретте инвесторға жобаны пысықтау кезеңінде Қазақстанға келудің қажеті болмайды — мәселелер шетелдегі кеңселер арқылы сол жерде шешіледі.
Сонымен қатар жиында үкімет басшысы барлық ХҚКО-да инвесторларға қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған терезелер ашылып, мемлекеттік қызметтер басым және жедел тәртіпте көрсетілуін тапсырды.