Қазақстандық оқушылар Балқан математика олимпиадасына қатысып жатыр

Бұл жарыс Халықаралық математика олимпиадасынадайындықтың маңызды кезеңі саналады
Sputnik
АСТАНА, 3 мамыр – Sputnik. Қазақстанның алты оқушысы Грецияның Салоники қаласында Балқан математика олимпиадасына қатысып жатыр, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі.
2026 жылдың 3-8 мамыры аралығында өтетін биылғы жарысқа барлығы 25 мемлекеттен 150-ден астам оқушы қатысады.
"Жарысқа Албания, Босния және Герцеговина, Болгария, Кипр, Греция, Солтүстік Македония, Черногория, Молдова, Румыния, Сербия және Түркия елдері тұрақты түрде қатысады. Сонымен қатар, жыл сайын Азия мен Еуропаның бірқатар мемлекеті қонақ ел ретінде шақырылады", - деп жазылған хабарламада.
Қазақстан құрамасының мүшелері:
Мұрат Тимур – Алматы қаласындағы Haileybury мектебінің 12-сынып оқушысы;
Бейганов Батырхан – Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы;
Еркебұланұлы Әли – Алматы қаласындағы Haileybury мектебінің 11-сынып оқушысы;
Әлиасқар Сұлтанәлі – Астана қаласындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 10-сынып оқушысы;
Аңсатов Арнұр – Қызылорда облыстық С. Шаухаманов атындағы №9 "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы;
Орынбасар Бердібек – Атырау облыстық "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Қазақстан құрамасының жетекшілері:
Асылбек Исахов - Қазақ-Америка университетінің президенті;
Мұхтар Қабақ - Назарбаев Зияткерлік мектебі "Астана-Нұра" филиалының маманы.
Балқан математикалық олимпиадасына қатысу қазақстандық оқушылар үшін Халықаралық математика олимпиадасына (IMO) дайындықтың маңызды кезеңі саналады. Аталған дода 2026 жылғы 10-21 шілде аралығында Шанхай қаласында өтеді.