АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Жетісу облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген адамдарға 296 млн теңге төленеді, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
"Жетісу облысында биыл Жеңіс күнін мерекелеу аясында 2034 адамға жалпы сомасы 296 млн теңге болатын бір реттік материалдық көмек беріледі", - деп жазылған хабарламада.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, бүгінгі күні өңірде 1 соғыс ардагері бар. Ол – Құсайынов Ысқақ Әбілпейісұлы. Оған 5 млн теңге көлемінде төлем беріледі.
Сол сияқты "Ардагерлер туралы" заңға сәйкес басқа да 8 санаттағы ардагерлерге 112,4 мың теңгеден 216,2 мың теңгеге дейінгі сомада бір реттік материалдық көмек беріледі.