Кентауда сейфті ұрлағандар видеоға түсіп қалды

Sputnik
АЛМАТЫ, 29 сәуір – Sputnik. Кентау қаласында ақша мен алтын бұйымдар салынған сейфті ұрлағандар ұсталды, деп хабарлайды Түркістан облысының полиция департаменті.
Оқиға бейнекамераға түсіп қалған. Екі күдікті түнгі уақытта жеке тұрғын үйдің ауласына кіріп, пластикалық терезені бұзып, сейфті алып шыққан.
"Жәбірленушінің айтуынша сейфтің ішінде 300 АҚШ доллары мен шамамен 4 миллион теңгеге бағаланған алтын әшекейлер болған", - дейді полиция.
Күдіктілердің кім екені бір тәулікте анықталды.
"Олардың бірі - Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерден ұсталды, ал екіншісі - Астана қаласында анықталып, полиция бөліміне жеткізілді. Белгілі болғандай, күдіктілер "оңай олжа табу" мақсатында қылмысты алдын ала жоспарлаған. Ұрланған сейфті ашып, алтын бұйымдарды келесі күні ломбардқа өткізген", - дейді Түркістан облысының полиция департаменті.
Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жүріп жатыр.