АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Украинаға бөлінген 90 миллиард еуро кредиттің 6 миллиард еуроны құрайтын алғашқы траншы осы тоқсанда төленеді және ол дрондар сатып алуға және бюджет қажеттіліктеріне жұмсалады, деп мәлімдеді Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуропарламентте.
Бұған дейін Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта ЕО елдері Украинаға 90 миллиард еуро көлемінде қаржылай және әскери қолдау көрсетуге арналған кредитті мақұлдағанын хабарлаған еді. Бұл кредит екі жыл ішінде беріледі, ЕО 2026 және 2027 жылдары 45 миллиард еуродан бөлуді жоспарлап отыр.
"2026 жылға арналған 45 миллиард еуроның алғашқы траншы осы тоқсанда беріледі: оның үштен бірі бюджет шығындарына, ал үштен екісі Украинаның қорғаныс саласына бағытталады. Қорғанысқа арналған алғашқы пакет шамамен 6 миллиард еуроны құрайды және ол Украинада жасалған дрондарды сатып алуға жұмсалады", - деді ол.
Украинада соңғы жылдары бюджет тапшылығы сезіліп, шығындар негізінен Батыс көмегі арқылы жабылып жатыр. 2026 жылға арналған бюджет 1,9 триллион гривна (шамамен 45 миллиард доллар) тапшылықпен бекітілген.