АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Еуропалық одақ Украинаға 90 миллиард еуро көлемінде кредит беру шарттарын қатаңдату мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлады Bloomberg агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап.
"Еуроодақ Украинаға несие беру талаптарын күшейтуді қарастырып жатыр, төлемдердің бір бөлігі бизнеске ұнамайтын салықтарды енгізуге байланысты болады", - делінген мақалада.
Агенттік дереккөзінің айтуынша, Киев жылдық табысы төрт миллион гривнадан асатын, жеңілдетілген салық жүйесінде жұмыс істейтін компанияларға 20 пайыздық қосылған құн салығын (ҚҚС) енгізуге міндеттелуі ықтимал.
Еурокомиссияда талқыланып жатқан жоспар биыл бөлінуі жоспарланған 8,4 миллиард еуро көлеміндегі макроқаржылық көмекті қамтуы мүмкін.
Сонымен қатар, Халықаралық валюта қоры Киевтен басқа да шараларды қабылдауды талап етіп отыр, соның ішінде маусым айына дейін шетелдік сәлемдемелерге ҚҚС енгізу бар, деп толықтырды Bloomberg дереккөзі.
Өткен аптада ЕО елдері екі айлық кешігуден кейін Украинаға 90 миллиард еуро көлеміндегі кредитті түпкілікті мақұлдады.
Қаржының басым бөлігі (шамамен 60 миллиард еуро) әскери көмекке жұмсалады, ал қалғаны Украина бюджетін қолдауға бағытталады.