АСТАНА, 29 сәуір – Sputnik. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Чехия премьер-министрі Андрей Бабиш кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы Чехия Қазақстанның Еуропа Одағындағы негізгі сауда серіктестерінің бірі екеніне назар аударды.
"Тауар айналымының динамикасы көңіл көншітерліктей. Әрине, біз алдағы уақытта да сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге ниеттіміз. Бүгінде елімізде 190-нан астам чех компаниясы жұмыс істеп жатыр, соның ішінде Škoda, Omnipol, Tatra және ZVVZ секілді маңдайалды кәсіпорындар мен басқа да өндіріс саласындағы сенімді әріптестеріміз бар. Бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы қазақ даласына Пржевальский жылқыларын қайта жерсіндіруді көздейтін бірегей жобаға атсалысқаны үшін чехиялық әріптестеріне ризашылығын білдірді.
Ал Андрей Бабиш бүгінгі сапар екіжақты қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашатынын айтты.
"Біз Қазақстанды стратегиялық серіктес санаймыз. Бірлескен күш-жігердің арқасында екіжақты тауар айналымының көлемін арттырамыз деп сенемін. Ең алдымен, энергетика саласындағы ықпалдастықты нығайтқымыз келеді. Сіздің елден ұзақ мерзімді мұнай тасымалына мүдделіміз. Энергетика саласын дамыту стратегиямыз атом энергиясына арқа сүйейді. Сондықтан Қазақстанға әлемдегі уран өндіретін ірі мемлекет ретінде де қызығушылық танытамыз", – деді Чехия премьер-министрі.
Премьер-министр Қазақстан азаматтарына виза режимін жеңілдету мәселесіне Чехияның екіжақты деңгейде және Еуропа Одағы аясында ықпал етуге ниетті екенін жеткізді.
Андрей Бабиш Қасым-Жомарт Тоқаевты өзіне ыңғайлы уақытта Чехияға сапармен келуге шақырды. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты ықыласпен қабыл алды.