АЛМАТЫ, 28 сәуір – Sputnik. Батыс Қазақстан облысы аумағында киіктен пастереллез ауруы анықталды, деп хабарлайды облыстық әкімдік.
Облыста киік күн сайын қырылып жатыр. Тұрғындар төрт түлік малға да жұғып жатқанын айтып дабыл қақты.
"Киіктен сынама алу арқылы пастереллез таралғаны анықталды", - дейді Батыс Қазақстан облысының әкімдігі.
Киік ең көп Жәнібек және Казталов аудандарының аумағында, ішінара Жаңақала, Бөкей ордасы және Ақжайық аудандарында шоғырланған. Инспекторлардың бақылауында шамамен 1,9-2 млн бас киік бар. Бөкей ордасы, Жәнібек және Казталов аудандарының аумағында "Охотзоопром" және резерват инспекторлары жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерімен бірлесіп, киіктердің өлекселерін табу және жою жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр, дейді әкімдік.
Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысы аумағында барлығы 3281 бас киік өлексесі жойылды, оның ішінде: аталығы — 1547, аналығы — 1617, лақ — 117.
"Ауылдық округтердің аумағында орналасқан мал қорымдарының көпшілігі толып кеткендіктен, өлексені жою кезінде үнемі қиындықтар туындауда. Негізгі қиындық – арнайы техниканың, атап айтқанда экскаваторлардың жетіспеушілігі", - дейді облыстық әкімдік.
Айта кетері, пастереллез - бактерия текті, жедел түрде өтетін зооноздық жұқпалы ауру. Аурудан тері, теріасты тін, буындар мен сүйектер зақымданады. Ауырған малдың ішкі ағзалары зақымданады.