Бішкекте ШЫҰ елдері Қорғаныс министрліктерінің ынтымақтастық жоспары бекітілді

Қазақстан қорғаныс министрі мемлекеттің өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға қатысты ұстанымдарын атап өтті
Sputnik
АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Қырғызстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер қорғаныс ведомстволары басшыларының кеңесі өтті. Оған ШЫҰ-ның бас хатшысы қатысты, деп хабарлады Қазақстан Қорғаныс министрлігі.
Күн тәртібінде әскери ынтымақтастықты дамыту, халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл және ШЫҰ кеңістігіндегі тұрақтылықты нығайту мәселелері қаралды.
"Қазақстан қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов өз баяндамасында мемлекеттің өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға, ШЫҰ аясындағы өзара іс-қимылды дамытуға және қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы бірлескен шараларды жетілдіруге қатысты ұстанымдарын атап өтті", - деп жазылған хабарламада.
Іс-шара барысында қатысушылар қорғаныс ведомстволары арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылап, күн тәртібіндегі халықаралық және өңірлік өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Кеңес қорытындысы бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер Қорғаныс министрліктерінің 2027 жылға арналған ынтымақтастық жоспары бекітілді.