АСТАНА, 28 сәуір – Sputnik. Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілерге ақшалай үлес, жәрдемақылар және өзге де төлемдерді төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Әскери қызметшілерге көрсетілетін материалдық көмектің көлемі ұлғайтылды.
"Енді оның мөлшері ең төменгі жалақыға еселенген түрде айқындалады. Бұл биыл 85 000 теңгені құрайды", - деп жазылған хабарламада.
Материалдық көмек бюджет қаражатының үнемделуі есебінен беріледі.
Жақын туыстарының, жұбайының немесе қайын жұртының қайтыс болуы жағдайында ол ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшеріне дейін (425 мың теңгеге дейін) жетуі мүмкін. Ал некеге тұру, бала туу, бала асырап алу, мүліктік залал келтірілуі немесе емделу қажеттілігі кезінде – үш еселенген мөлшерге дейін (255 мың теңгеге дейін) беріледі.
"Әскери қызметшілер ерекше маңызды әрі күрделі тапсырмаларды орындағаны, жоғары нәтижелерге қол жеткізгені және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін ынталандырылуы мүмкін", - дейді министрлік.
Сыйақылар мемлекеттік және кәсіби мерекелерге, сол секілді мерейтойлық күндерге орай берілуі мүмкін. Мерейтойлық жасқа 40 жас және одан кейінгі әрбір бес жыл кіреді.