АСТАНА, 27 сәуір – Sputnik. Астана тұрғыны қосымша табыс табу мақсатында жеке тұрғын үйге қауіпті зат лақтыруға келіскен, деп хабарлады бас прокуратура.
Елорда тұрғыны әлеуметтік желі арқылы қосымша табыс іздеу барысында 2000 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйақы үшін қылмыс жасауға келіскен.
"Аталған тұлға үй ішінде адамдардың болғанына қарамастан, өз әрекеттерінің ықтимал салдарын түсіне отырып, алдын ала дайындалған жанғыш құрылғыларды тұрғын үйге қарай лақтырған. Осы арқылы азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген", - дейді бас прокуратурада.
Қылмыс оған байланысты емес мән-жайларға қатысты соңына дейін жеткізілмеген.
Сот оны бөтеннің мүлкін жоюға оқталу бойынша кінәлі деп танып, бұрын өтелмеген соттылығын ескере отырып, түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.