АСТАНА, 26 сәуір – Sputnik. Қазақстан Республикасы ММА ұлттық федерациясының басшысы Сағындық Мекеев UFC файтері Шавкат Рахмоновтың чемпиондық атаққа жету мүмкіндігін бағалады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан "Наш боец" YouTube каналына сілтеме жасап.
"Мен бұған дейін де бірнеше рет айтқанмын, қазіргі таңда Ислам (Махачев) – нөмір бірінші спортшы, ал 77 келі салмақта оны жеңе алатын ешкімді көріп тұрған жоқпын. Шавкатта белбеуді жеңіп алу мүмкіндігі бар, бірақ ол үшін оған көп нәрсе керек: ең алдымен қалпына келу кезеңі күтіп тұр. Ол өткен жылы ота жасатқан, жақында – шамамен бір ай бұрын онымен кездескен едім, ол маған: "Ағай, қайта жарақат алып қалдым", - деді. Содан кейін қайтадан Германияға реабилитацияға кетті, бұл оңалту жыл соңына дейін созылатыны анық. Биыл біз оны октагонда көрмейміз. Менің ойымша, ол қыс соңында немесе көктемге қарай дайын болып қалуы мүмкін", - деді Мекеев.
Еске сала кетейік, спортшының әйелі екі адамның өмірін қиған жол апатына кінәлі деп танылып, оған наурызда сот үкімі шықты.
Жол апаты 27 шілдеде "Алматы-Екатеринбург" тас жолында болған еді.
"Ол шаршаған күйде жол ережесін бұзып, көлікті басқара алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кеткен, содан кейін оның көлігі аударылған", - делінген сот материалында.
Салдарынан сотталушының досы мен әпкесі қайтыс болды, өзі ауруханаға жатқызылды. Сотта ол өз кінәсін мойындамады.
Сот үкімімен әйел кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған 7 жылға көлік жүргізуге тыйым салынды.
2 жастан 9 жасқа дейінгі 4 баласы болғандықтан, жаза 5 жылға кейінге қалдырылды.