Қазақстанда төрт жылда 5 мың шақырым теміржол салынады

Sputnik
АСТАНА, 23 сәуір – Sputnik. Алдағы 4 жылда Қазақстан 5 мың шақырым жаңа темір жол салады. Бұл туралы Теміржол ынтымақтастығы ұйымының бас директорлары конференциясының 40-шы отырысында премьер-министрі Олжас Бектенов айтты, деп хабарлады үкімет.
Өз сөзінде ол Қазақстан – жаһандық мұхитқа тікелей шығар жолы жоқ әлемдегі ең ірі мемлекет екенін атап өтті.
"Бірақ біз осы географиялық ерекшелікті стратегиялық артықшылығымызға айналдыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Соңғы 15 жылда біз көлік саласына шамамен $35 млрд қаражат салдық. 2,5 мың шақырымнан астам жаңа магистральдық жолдар салынды. Бүгінде "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" бағыты бойынша барлық құрлықтағы транзиттік тасымалдың 85%-ға жуығы Қазақстан арқылы өтеді", - деді премьер-министр.
Айтуынша, үкімет мұнымен тоқтап қалмайды.
"Алдағы 4 жылда тағы 5 мың шақырым жаңа теміржол салуды жоспарлап отырмыз. Біздің мақсатымыз – 2035 жылға қарай транзит көлемін жылына 100 млн тоннаға дейін жеткізу", - деп толықтырды Бектенов.
Негізгі бағыттардың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамыту белгіленген, оның аясында теміржол және порт инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, халықаралық серіктестерді тарта отырып, Ақтау және Құрық порттарында контейнерлік хабтарды кеңейту жұмыстары қолға алынды.
2029 жылға дейін тасымалдау көлемін жылына 80 мың ЖФЭ-ден 300 мыңға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Жүктерді жеткізу мерзімі 18 тәулікке дейін қысқарды, келешекте оны 10 күнге дейін қысқарту көзделген.
Салаға цифрлық технологиялар енгізу мемлекеттің басым бағыты болып қала бермек.
"Қазіргі таңда TezCustoms платформасы енгізілуде. Ол Қытаймен шекарада рәсімдеу уақытын 8 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Аталған жұмыс басқа елдермен де жалғасуда", - деп түйіндеді премьер-министр.