Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

Польша Украинаға дрон экспортын екі жыл ішінде шамамен алты есеге арттырды

Sputnik
АСТАНА, 18 сәуір – Sputnik. Польша Украинаға дрон экспортын 2023 жылдан 2025 жылға дейін шамамен алты есеге арттырды – сауда көлемі 135,9 миллион доллардан 796,8 миллион долларға дейін өсті. Бұл туралы Польшаның ресми статистикалық деректерінде айтылған.
Бұған дейін Ресейдің қорғаныс министрлігі Еуропа елдері дрон өндірісі мен жеткізілімін арттыру туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Ведомство мәліметінше, бұл Еуропада орналасқан украиналық және бірлескен кәсіпорындарды, соның ішінде Польша, Ұлыбритания, Германия, Дания және басқа да елдердегі өндірістерді қаржыландыруды кеңейту арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Өсімге негізінен салмағы 250 грамнан 7 килограмға дейінгі шағын тактикалық дрондардың көбеюі арқау болды. Олардың экспорты 2023 жылғы 119,6 миллион доллардан 2024 жылы 324 миллион долларға, ал 2025 жылы 609,5 миллион долларға дейін өскен. Бұл санат Украинаға жеткізілетін барлық дронның шамамен 76,5%-ын құрайды.
Салмағы 7–25 килограмм болатын орташа дрондар экспорты 2024 жылы күрт өсіп, 115,3 миллион долларға жеткен, алайда 2025 жылы 90,3 миллион долларға дейін төмендеген. 25–150 килограмм сегментіндегі жеткізілімдер тұрақты өсім көрсеткен – 2023 жылғы 1,25 миллион доллардан 2025 жылы 95,2 миллион долларға дейін артқан.
Ал 150 килограмнан жоғары ауыр дрондар экспорты керісінше күрт төмендеп, 4,97 миллион доллардан 795 мың долларға дейін азайған. 250 грамға дейінгі өте жеңіл дрондар жеткізілімі 2023 жылғы 539 мың доллардан 2024 жылы 2,78 миллион долларға дейін өскенімен, 2025 жылы 64%-ға төмендеп, 994 мың долларды құраған.