АСТАНА, 17 сәуір – Sputnik. 10 жылдан астам уақыт іздеуде жүрген күдікті Германиядан экстрадицияланды, деп хабарлады бас прокуратура.
Күдікті аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа тарту мақсатында Германиядан экстрадицияланды.
"Тергеу барысында көрсетілген тұлға 2014 жылы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, компьютерлік техниканы жеткізуге жәрдем көрсету сылтауымен қазақстандық кәсіпкердің 1 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражатын алдау жолымен иемденгені анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
2025 жылдың қыркүйегінде ол Германияда ұсталып, бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.
Қазіргі уақытта сотталушы тергеу изоляторына қамалды.
Айта кетейік, бұл қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.