АСТАНА, 16 сәуір – Sputnik. Батыс Қазақстан облысында мал ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың жолы кесілді, деп хабарлады бас прокуратура.
Прокуратураның нұсқаулар беруі және жасырын тергеу әрекеттеріне бастамашылық етуі арқылы облыс аумағында ұзақ уақыт бойы мал ұрлаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.
"Тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында ветеринариялық дәрігерлер болғаны және олар ұрланған малды деректер базасы арқылы заңдастыру жолымен өткізу схемасын ұйымдастырғаны анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Күдіктілер қамауға алынып, тергеуге белсенді түрде жәрдемдесіп жатыр, дейді прокурорлар.
Облыс прокуратурасы бұл жағдайдың осындай қылмыстарды жасағаны үшін жазаның бұлтартпастығын айғақтайтынын еске салды.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайды.