АСТАНА, 15 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмазбен кездесті, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге алғаш рет сапармен келген Джевдет Йылмазға ілтипат білдіре отырып, бауырлас Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктесі екеніне назар аударды.
"Қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Арамызда ешқандай түйткіл жоқ. 14 мамырда Президент Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді. Сапар аясында Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын өткіземіз. Жаңа келісімдерге қол қоямыз", – деді президент.
Сонымен қатар мемлекет басшысы бүгін Астанада Қазақстан премьер-министрі және Түркия вице-президентінің тең төрағалығымен өткен Үкіметаралық комиссия қорытындысы екі елдің сан қырлы әріптестігін одан әрі жандандыра түсетініне сенім білдірді.
Джевдет Йылмаз Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға мемлекеттік сапарына және Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы бейресми саммитіне ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді.
Әңгімелесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығын нығайту перспективасы талқыланды.
Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі, инфрақұрылым, энергетика, логистика, агроөнеркәсіп кешені, білім және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Джевдет Йылмаз халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Таяу Шығыстағы күрделі ахуал жөнінде пікір алмасты. Мемлекет басшысы Түркияның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап, алдағы Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады.