Жетісуда 2027 жылға дейін 23 инвестициялық жоба іске асырылады

Өңірге 610 миллиард теңге инвестиция тартылған
Sputnik
АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Жетісу облысында 2027 жылға дейін құны 94,4 миллиард теңге болатын 23 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, деп хабарлады өңір басшысы Бейбіт Исабаев президентпен кездесуінде.
Атап айтқанда, құс фабрикалары, мал бордақылау алаңдары, балық және жылыжай шаруашылықтары мен басқа да жобалар бар.
Бейбіт Исабаев 2025 жылдың қорытындысы бойынша барлық негізгі мақсатты индикаторға қол жеткізілгенін айтты.
"Өңірге 610 миллиард теңге инвестиция тартылған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 12,8 пайызға артық", - деді Исабаев.
Президентке агроөнеркәсіп кешенін дамыту жоспары таныстырылды. Ауыл шаруашылығы дақылдары, соның ішінде қант қызылшасы алқабы кеңейді. Ақсу және Көксу қант зауыттарының өндірістік қуатын 2 есеге арттырып, 950 мың тоннаға жеткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
"Өнеркәсіп саласында соңғы үш жылда 29 жаңа нысан іске қосылып, 7 кәсіпорын кеңейтілді, соның нәтижесінде 1841 жұмыс орны ашылды", - деп толықтырды әкім.
Өңірді газдандыру деңгейі 67,2 пайызға жетті. "Талдықорған – Үшарал" магистральді газ құбыры тартылып, 650 мыңнан астам тұрғыны бар 210 елді мекен көгілдір отынға қол жеткізеді.
Алакөл, Балқаш жағалауларында туристік нысандарға баратын жолдар салынып, ауыз су, электр желісі, кәріз жүйелері тартылды. Жағалауларды бекіту шаралары қолға алынды. Бұрқанбұлақ сарқырамасына апаратын 31 шақырымдық жол жаңартылып жатыр.
"Таза Қазақстан" экологиялық бағдарламасы аясында өңірде үш экопарк салып, 121 мың ағаш егу көзделген.