Мобильді аударымдар: салықшылар ақпарат алғаннан кейін не болады

Азаматтар мобильді аударымдар бойынша түсініктеме беруге міндеттеледі
Sputnik
АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мобильді аударымдар туралы ақпаратты өңдеу тәртібін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
15 сәуірге дейін банктер бірінші тоқсан қорытындысы бойынша мобильді аударымдар туралы алғашқы мәліметтерді салық органдарына жіберуге міндетті.
"Барлық ақпаратты алғаннан кейін ай соңына дейін нұсқамаларды әзірлейміз. Одан кейін бәріне жібереміз. Оны орындау мерзімі – 30 жұмыс күні", - деді Біржанов үкіметте өткен брифингте.
Оның айтуынша, екінші тоқсаннан (сәуір-маусымнан) кейін мобильді аударым алған адамдардың нақты саны белгілі болады. Бірақ алдымен нұсқама бойынша әрбір адам түсініктеме беруі керек.
"Нұсқамалар мамыр айында жіберіледі", - деп түсіндірді Біржанов.
Мобильді аударымдар қандай жағдайда бақылауға алынады: министр түсіндіріп берді