Былтыр өсімдіктер карантині саласында 3,6 мың заң бұзушылық анықталды

Оның ішінде 2,6 мыңы басқа мемлекеттерден әкелінетін карантиндік өнімдерге қатысты
Sputnik
АСТАНА, 14 сәуір – Sputnik. Қазақстан аумағында өсімдіктер карантині нысандарын анықтау жұмыстары ұлттық заңнамаға және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі
Өткен жылы АШМ АӨК мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекциялары бақылау-қадағалау қызметтерін жүзеге асыру барысында өсімдіктер карантині саласында 3,6 мың заң бұзушылық анықтады.
"Оның ішінде 2,6 мыңы басқа мемлекеттерден әкелінетін карантиндік өнімдерге қатысты", - деп жазылған хабарламада.
Бақылау жүйесін жаңғырту аясында уәкілетті орган цифрлық трансформацияны белсенді түрде жүзеге асыруда.
"Ресей Федерациясы және Қырғыз Республикасы шекарасындағы барлық 32 бақылау бекеті тұрақты интернетке қосылған. Бұл деректерді жедел алмасуға мүмкіндік беріп, рәсімдердің ашықтығын арттырады", - дейді мамандар.
Сонымен қатар, зертханалық инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Филиалдар ПТР жүйелерін қоса алғанда, заманауи диагностикалық жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Бұл сараптамалардың дәлдігі мен жылдамдығын айтарлықтай арттырады.