АСТАНА, 12 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев православ қауымын Пасха мерекесімен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Президент христиан жылнамасында ерекше орын алатын бұл мереке үміт пен сүйіспеншіліктің, рухани жаңарудың символы саналатынын атап өтті.
"Пасха мейрамында және оған дайындық кезеңінде жанашырлық, мейірімділік, тату көршілік, өзара көмек қасиеттері ел ішінде кеңінен дәріптеледі. Православ қауымы қоғамда әділдік, бейбітшілік, келісім, төзімділік және сенім қағидаттарын қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді", - деп жазылған құттықтауда.
Оның айтуынша ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан Пасха дәстүрі отбасындағы ынтымақты сақтауға және адамгершілік қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, үлкенге құрмет көрсетіп, жақыныңа жанашыр болуға баулиды. Ұлттық бірлік пен конфессияаралық келісімнің сақталуы, дәстүрлі құндылықтар мен жан-жақты жаңғыруға деген ұмтылыстың үйлесім табуы еліміздің өсіп-өркендеуіне арқау болып отыр.
"Халқымыз бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білім мен инновация, қоршаған ортаға қамқорлық пен тазалық қағидаттары берік орныққан озық елде өмір сүріп, еңбек етуге ұмтылады. Республикалық референдумда қабылданған Халық Конституциясы – соның айқын дәлелі", - деді президент.
"Біз қастерлі Отанымыздың болашағы жолындағы ортақ жауапкершілікті терең сезіне білсек, кез келген сын-қатерді еңсеріп, биік мақсаттарымызға жететінімізге кәміл сенемін. Осы жарқын мереке әрбір шаңыраққа шаттық пен бақ-береке сыйласын! Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт және толағай табыс тілеймін!", - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.