АСТАНА, 11 сәуір – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Шавкат Мирзиёевке қонақжайлықпен қарсы алып, бүгінгі бейресми кездесуді ұйымдастырғаны үшін ризашылығын білдірді.
"Күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынасымыз бойынша бірқатар аса маңызды мәселе бар. Алайда біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік я болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр", – деді мемлекет басшысы.
Президент 2,5 мың жылдан аса тарихы бар киелі Бұхара шаһары әлемдік тарихи-мәдени мұраның ажырамас бөлігі саналатынын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді
Ол Бұхара Шығыстың орта ғасырлардағы рухани әрі зияткерлік орталықтарының бірі екенін айтты. Президент тарихи тығыз байланыстар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың мызғымас іргетасы екенін еске салды.
Мемлекет басшысы Өзбекстан президентінің "Таза ауа" бастамасына қолдау білдіріп, бұл жоба Қазақстанның ірі қалалары үшін де өзекті екеніне тоқталды.
"Сіздің таза ауаға қатысты бастамаңызды құптаймын. Ташкенттегі экологиялық жағдайға алаңдаушылық білдіруіңізді түсінемін. Біздің Алматы қаласындағы ахуал да тым күрделі. Өкінішке қарай, Алматы әлемдегі ауасы ластанған ірі қалалар қатарында тұр. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдау қажет. Егер Сіз қарсы болмасаңыз, "Таза ауа" бастамасын бірлесіп іске асыруды ұсынамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент бұл бастама аясында көп іс атқаруға болатынын айтып, осы арқылы жергілікті билік пен кәсіпкерлер экологияны қорғауда, табиғатты аялауда жауапкершілік жүгін жете сезінеді деді.
Өзбекстан президенті Бұхарадағы бүгінгі жүздесудің екі ел арасындағы сан қырлы байланыстарды кеңейтуде маңызы зор деп пайымдайтынын жеткізді.Кездесуде тараптар экономикалық серіктестікті кеңейту жөніндегі стратегиялық бағытты ұстанатынын растады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен бейресми кездесу өткізді
Сауда мен өндіріс салаларында нақты көрсеткіштерге қол жеткізу үшін екі ел үкіметтерінің ықпалдастығын арттыру туралы келісім жасалды. Іскер ортаны жүйелі түрде қолдау мен ынталандырудың маңызы атап өтілді.
Мемлекеттер басшылары сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу, көлік-транзит, су-энергетика салалары және ІТ секторындағы ықпалдастық мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады.
Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мен туризмді дамыту ісіне айрықша мән берілді.
Келіссөз қорытындысы бойынша президенттер екі ел үкіметтері арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жол картасын қабылдауға уағдаласты.