"Қарсы алмады": министрлік Қазақстанға келген америкалық блогерге қатысты пікір білдірді

Министрліктің хабарлауынша, блогерден ешқандай өтініш келіп түспеген
Sputnik
АСТАНА, 9 сәуір – Sputnik. Туризм және спорт министрлігі әлеуметтік желіде ведомствоның қонақжайлылығына қатысты наразылық білдірген америкалық блогердің жазбасына түсініктеме берді.
Бірқатар бұқаралық ақпарат құралында туризм және спорт министрлігі америкалық блогерді арнайы шақырды деген ақпарат тарады. Министрлік бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
"Министрлік шетелдік блогерлерді, туристік қауымдастықтар мен компанияларды топтық ақпараттық турлар аясында шақыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізеді. Ведомство қызметінде жекелеген жеке тұлғаларды шақыру қарастырылмаған. Ресми түрде жеке өтініштер түскен жағдайда министрлік жан-жақты қолдау көрсетеді", - дейді министрлікте.
Министрліктің хабарлауынша, блогерден ешқандай өтініш келіп түспеген.
Сонымен қатар Kazakh Tourism ұлттық компаниясы атынан блогермен жеке хат алмасу болғанын хабарлайды. Компания мәліметі бойынша, екіжақты келіссөздер нақты келісімге жетпей аяқталған.
Еске салайық, Коннор атты америкалық блогер парақшасында видео жариялап, оны Қазақстанға елдің туризм министрлігі шақырғанын, бірақ қырғыздар секілді арнайы қарсы алмағанына шағымданды.
Түркістан облысында блогер ұсталды