Наурыздағы ҰБТ кезінде 130 талапкер тестілеуден шеттетілді

Тағы 134 адам тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды
Sputnik
АЛМАТЫ, 9 сәуір – Sputnik. Наурызда 179 мыңға жуық адам Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігі.
Талапкерлердің 75%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 25%-ы орыс тілінде және 157 адам ағылшын тілінде тапсырды.
"Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Бұл жолы 31 мыңнан астам өтініш қабылданып, олардың ішінде 17 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініш қанағаттандырылды", - дейді министрлік.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 408 талапкер қатысты.
"ҰБТ-ны өткізу барысында 264 ереже бұзушылық анықталды. 130 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 134 адам тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижесі жойылды", - дейді ведомство.
"Талантты оқушыны қолдаса деймін": ҰБТ-дан 140 балл жинаған оқушының арманы қандай