АСТАНА, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарына жұмсалған шығындар 19%-ға өсті, деп хабарлады ұлттық статистика бюросы.
Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалған шығындар 19%-ға өсіп, 2025 жылы 261,4 млрд теңгені құрады. Бір жыл бұрын ҒЗТКЖ шығындарының көлемі 219,6 млрд теңге болған.
2025 жылы ҒЗТК жұмыстарына жұмсалған шығындардың басым бөлігі Алматы (113,2 млрд теңге) және Астана қаласында (51,4 млрд теңге) тіркелді.
Сонымен қатар мына аймақтарда айтарлықтай көрсеткіш байқалды:
Маңғыстау (17,1 млрд теңге);
Қарағанды (13,2 млрд теңге);
Шығыс Қазақстан облыстарында (12,1 млрд теңге).
Ғылым салалары бөлінісінде көрсеткіш мынандай:
инженерлік әзірлемелер мен технологияларға – 86,3 млрд теңге;
жаратылыстану ғылымдарына – 85,2 млрд теңге;
ауыл шаруашылығы ғылымдарына – 30,9 млрд теңге.
"2025 жылы ҒЗТК жұмыстарын жүргізген қызметкерлер саны ғылыми дәрежелері бойынша 28,3 мың адамды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға артқан. Олардың 55,4% – әйелдер", - деп жазылған хабарламада.
2025 жылы ҒЗТК жұмыстарын 434 кәсіпорын жүргізген.