АСТАНА, 6 сәуір – Sputnik. Қазақстан бақыт деңгейі бойынша елдердің жаһандық рейтингінде жоғарылады. World Happiness Report 2026 баяндамасының деректеріне сай еліміз 2023–2025 жылдардағы өмір сүру сапасын бағалаудың орташа көрсеткіші бойынша 147 елдің ішінде 33-орынға жайғасты, деп жазды Ranking.kz.
Бұл – Қазақстан үшін БҰҰ-ның аталған рейтингіне қатыса бастаған 2011 жылдан бергі ең жоғарғы көрсеткіші. Өткен жылғы есеппен салыстырғанда Қазақстан 10 сатыға көтерілді.
"World Happiness Report рейтингі бойынша Қазақстандағы өмір сүру сапасының жалпы бағасы 10 балдан 6,6 балға жетті. 2024 жылғы есепте бұл көрсеткіш төменірек — 6,4 балл болған еді. Көрсеткіш бірнеше индикатор негізінде есептеледі, олардың қатарында әлеуметтік қолдауды сезіну, әл-ауқат, таңдау еркіндігі, өмір сүру ұзақтығы, қайырымдылық және жемқорлықты қабылдау деңгейі бар", - деп жазды портал.
Деректер әлеуметтік сауалнамалар мен статистикалық есептердің қорытындысы бойынша жиналады. Қазақстанда бақыт деңгейіне алғашқы үш индикатор ең көп үлес қосып отыр.
Еуропаның дамыған мемлекеттері мен Коста-Рика ең бақытты елдер болып танылды. Финляндия қатарынан бірнеше жыл көш бастап келеді. Бұл елдің бағасы ең жоғары: 7,8 балл. Сондай-ақ Исландия мен Дания да ең жоғарғы межеге жақын тұр: әрқайсысында 7,5 балдан. АҚШ 6,8 балл көрсеткішімен рейтингтің 23-ші сатысына жайғасты.
Орталық Азия елдерімен және ең жақын көршілермен салыстырғанда Қазақстан халқының бақыт деңгейі жоғарырақ. Қазақстанға ең жақын тұрғаны — Өзбекстан: ол 6,3 балдық көрсеткішпен әлемдік рейтингте 53-ші орынға орналасты. Қырғызстан 6 балдық бағамен 66-шы орынға тұрақтады. Ресей бір жыл ішінде 13 позицияға төмендеп, 5,8 балдық төмен индикатормен әлемдегі орташа 79-шы орынды иеленді. Рейтингтің соңғы сатысында 1,4 балдық көрсеткішпен Ауғанстан тұр.
Рейтинг респонденттің өзін қаншалықты бақытты сезінетіндігі туралы сұраққа берген жауабына емес, бірінші кезекте өмір сүру сапасын бағалауға негізделген.
Әр көшбасшы ел жекелеген рейтингтердің әрқайсысында айтарлықтай жоғары орындарда тұр.
"Әл-ауқат деңгейі бойынша Қазақстан әзірге еуропалық елдермен бәсекелесе алмайды. Еуропа мемлекеттерінің көпшілігінде, сондай-ақ АҚШ-та жан басына шаққандағы ЖІӨ Қазақстанға қарағанда жоғары. Бұл, әрине, маңызды рөл атқарады, бірақ әрдайым емес. "Бақыт ақшада емес" демекші, әл-ауқат деңгейінің төмендігіне қарамастан, өмір сүру сапасының жалпы бағасы бойынша Қазақстан жан басына шаққандағы ЖІӨ көрсеткіші айтарлықтай жоғары елдерді, атап айтқанда Францияны (35-орын), Италияны (38-орын) және Испанияны (41-орын) басып озды", - деп толықтырды басылым.
Зерттеуге қатысқан қазақстандықтардың 95%-ға жуығы қиын сәтте сүйенетін адамы бар екенін көрсеткен. Бұл ретте жақын адамдары мен қоғамның қолдауына деген мұндай жоғары эмоционалдық сенім деңгейі (90%-дан астам) қазақстандықтарда көптеген жыл бойы сақталып келеді.