Боксты дамытудың бес жылдық тұжырымдамасы бекітілді

Sputnik
АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған боксты дамыту тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Құжатта бокспен шұғылданатын азаматтар санын көбейтуге және спортшылар даярлау сапасын арттыруға басымдық беріліп отыр. Осы орайда маңызды 5 бағыт айқындалды. Олар:
бокс инфрақұрылымын дамыту;
бұқаралық спортты кеңейту және спорт резервін қалыптастыру;
ғылыми-әдістемелік және медициналық сүйемелдеу ісін жетілдіру;
жаттықтырушылар мен төрешілердің біліктілігін арттыру;
халықаралық ынтымақтастық пен кәсіби боксты дамыту.
Осы міндеттерді жүзеге асыру үшін іс-шаралар жоспары да бар.
Ресми мәліметке сәйкес, қазіргі кезде Қазақстанда бокспен 153 мыңнан астам адам айналысады. Ал ұлттық құрамада 595 спортшы бар. Спорт мектептерінде 39 мыңнан астам бала боксқа үйреніп жүр. Оларды 1 385 бапкер жаттықтырады.
Айта кетері, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жұмыс істейтін жаттықтырушылардың жалақысы 30 процентке өседі.