Ақтөбе облысында шахтерлерді бопсалағандар ұсталды

Жедел қызметкерлер күдіктілерді толық анықтап, барлық қатысушыны бір мезгілде ұстау операциясын жүргізді
Sputnik
АСТАНА, 3 сәуір – Sputnik. Ақтөбе облысында полицейлер бопсалаумен айналысқан екі қылмыстық топты ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Хромтау қаласында жергілікті қылмыстық орта өкілдері қорқыту мен күш қолдану арқылы шахтерлерден ақша бопсалаған. Бірақ жәбірленушілер құқық қорғау органдарына жүгінбеген.
"Жедел қызметкерлер күдіктілерді толық анықтап, бұлтартпас дәлелдер жинап, барлық қатысушыны бір мезгілде ұстау операциясын жүргізді. 20 санкцияланған тінту шарасы барысында ақша мен өзге де айғақ заттар тәркіленді", - дейді полицияда.
Осындай қылмыстық әрекеттер Ақтөбе қаласында да тоқтатылды. Мұнда полиция көңіл көтеру орындарын бопсалағандарды анықтады.
"Күдіктілер күш қолданып, күзет қызметкерлеріне қысым көрсеткен. Қылмыстық топтың барлық мүшесі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Олардың өзге де ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр", - дейді полицияда.
Аталған фактілер бойынша бопсалау деректерімен қылмыстық істер тергеліп жатыр. Қосымша түрде заңсыз ұстау және бас бостандығынан айыру фактілері бойынша тексеру жүргізіліп жатыр.
Астанада кәсіпкерлерді бопсалаған алаяқ ұсталды