Ұлттық қордан сатылған валютаның көлемі жарияланды

Сауда-саттықтың жалпы көлемі 6,7 млрд АҚШ долларын құрады
Sputnik
АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Қазақстанда бір айда ұлттық қордан 400 млн АҚШ доллары сатылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Ұлттық банктің ресми сайтына сілтеме жасап.
Өткен айда Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі бір айда 335 млн АҚШ долларынан 372 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 6,7 млрд АҚШ долларын құрады.
"Наурыз айында ұлттық қордан 400 млн АҚШ долларында валюта сатылып, ол республикалық бюджетке трансферт бөлуді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 6%-ы немесе күніне 22 млн АҚШ долларына жуық болды. Ал "айналау" операциялары аясында шамамен 350 млрд теңге алынды", - делінген ресми хабарламада.
Қазіргі болжамға сәйкес, сәуір айында ұлттық қордан 300 млн АҚШ долларынан 400 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады.

"Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ "айна" тетігін іске асыру кезінде Ұлттық банк нарықтық бейтараптық қағидатын ұстанады. Ол шетел валютасын тұрақты және біркелкі сатуды білдіреді. Ұлттық банк наурыз айында валюталық интервенция жүргізген жоқ", - дейді банк мамандары.

Өткен айда квазимемлекеттік сектор субъектілері валюталық түсімнің бір бөлігін шамамен 391 млн АҚШ долларын сатты.