АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Атырауда әйел ауласында байлаулы тұрған итін аяусыз ұрған, деп хабарлайды облыстық полиция департаменті.
Оқиға 31 наурызда сағат 17:30 шамасында болған.
Оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тарады. Онда әйел ауласында тұрған итті күрекпен аяусыз ұрып жатқаны түсірілген. Соққыдан жануардың тұмсығы қан-жоса болған.
"Итті ұрған - 39 жастағы әйел. Полиция қызметкерлері келген кезде ол қарсылық көрсетіп, заң талаптарына бағынбаған. Полиция қызметкерлерінің заңды қызметіне кедергі келтіргені үшін әйел әкімшілік жауапкершілікке тартылды", - дейді полицияда.
Әйелге қатысты жануарға қатыгездік көрсету фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Ит ол үйден басқа жерге жеткізіліп, қажетті ветеринарлық көмек көрсетілген.