АСТАНА, 1 сәуір – Sputnik. Семейде заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цехтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлады қаржылық мониторинг агенттігі.
Тергеу амалдарына сәйкес, Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіруді ұйымдастырған.
"Бөлмелер мен гараждарда спиртті сумен араластыру арқылы алкоголь дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйылған. Өнімге заңды сипат беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған", - деп жазылған хабарламада.
Тінту барысында заңсыз айналымнан "Finsky Ice" және "Сибирские морозы" атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді.
Соттың санкциясымен цех орналасқан жеке меншік үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды.
Ұйымдастырушыға қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу жалғасып жатыр.