Қазақстанда тұңғыш рет жасөспірімге жүрек трансплантациясы жасалды

Донор 43 жастағы ер адам болды
Sputnik
АЛМАТЫ, 31 наурыз – Sputnik. University Medical Center орталығында тұңғыш рет жасөспірімге жүрек трансплантациясы жасалды, деп хабарлады орталық.
Науқас 15 жаста. Ол 10 жасынан бері ауыр жүрек ауруынан зардап шегіп келген. Жағдайы жиі нашарлап, тұрақты түрде ауруханаға жатып ем қабылдап жүрген. Дәрігерлердің айтуынша, балаға толыққанды өмір сүрудің жалғыз жолы – жүрек трансплантациясы болған.
27–28 наурызға қараған түні жасөспірімге жүрек трансплантациясы сәтті жасалды.
"Донор 43 жастағы ер адам болды. Марқұмның туыстары орган донорлығына келісім берген. Қазіргі уақытта жасөспірімнің жағдайы қанағаттанарлық. Ол жансақтау бөлімінен бейінді бөлімшеге ауыстырылды", – деді орталық мамандары.
Бүгінде 123 кәмелетке толмаған пациент әртүрлі органдарды трансплантациялау кезегінде тұр. Оның ішінде 9 балаға жүрек трансплантациясы қажет.