АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Қазақстандық теннисші Жібек Құламбаева ITF W15 сериясындағы турнирдің абсолютті жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Үндістанның Нагпур қаласында өткен жарыста Құламбаева алдымен жұптық сында ресейлік Екатерина Яшинамен бірге финалда Неплий/Лоскутова дуэтін 5:7, 6:4 және 10:6 есебімен жеңсе, жекелей сында жергілікті теннисші Сонал Патилден басым түсті. Осылайша, қазақстандық теннисші бір жарыста екі бірдей титулды жеңіп алды.
Айта кетейік, 10-11 сәуір күндері Жібек Құламбаева Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Billie Jean King Cup турнирінің іріктеу кезеңіне қатысады. Астанада өтетін бұл сында біздің команда Канада құрамасына қарсы ойнайды.