АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы" конституциялық заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Құжат "Ашық НҚА" интернет-порталында https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15794152 жарияланды.
"Конституциялық заң жобасын қабылдау астананың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған", - делінген құжатта.
Жобада астанадағы жергілікті мемлекеттік басқарудың ерекшеліктері, мәслихат пен әкімдіктің қала құрылысы, экология, көші-қон, көлік, жер мәселелері және басқа да салалар бойынша өкілеттіктері жазылған.
Сондай-ақ, астананың аумағы мен қала маңындағы аймағы, жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы, астананың бірыңғай сәулеттік келбеті мен дизайн-коды, орман-парктік аймақ режимінің ерекшеліктері, инфрақұрылым, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметінің ерекшеліктері және басқа да мәселелер көрсетілген.