Астанадағы Ресей оқу орындарының көрмесіне екі күнде 4 мыңнан астам адам келді

Қазақстандық түлектер Ресей жоғары оқу орындарына бірнеше жолмен түсе алады, ең танымалы – Ресей үкіметінің квоталары
Sputnik
АСТАНА, 29 наурыз – Sputnik. Астанада Ресей жоғары оқу орындарының оныншы көрмесі аяқталды. Оған екі күн ішінде 4 мыңнан астам адам келді.
Көрмеде бакалавриат, магистратура және мамандандыру бағдарламалары бойынша кеңес берілді. Жалпы Ресейдің 48 университеті таныстырылды.
"Географиясы сан алуан: Ресейдің барлық дерлік өңірі – Мәскеу мен Санкт-Петербург, Томск пен Омбы, Түмен мен Нижний Новгород қамтылды. Бұл федералдық университеттер, медициналық және экономикалық оқу орындары. Иркутскіден бастап Санкт-Петербургке дейінгі қалалардан университеттер келді", – деді көрменің директоры Валерий Старченко.
Қазақстандық түлектер Ресей университеттеріне бірнеше жолмен түсе алады, ең танымалы – Ресей үкіметінің квоталары. Олар тегін оқуға мүмкіндік береді. Ресей Қазақстан азаматтарына 800 білім беру квотасын бөлді, бірақ бұл санды арттыру жоспарланып отыр.
Түлектер мен олардың ата-аналары оқу шарттары, білім бағдарламалары, стипендиялар мен оқу мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.