АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. 2025 жылы жол апаты санының өсуіне қарамастан, өлім көрсеткіші 10%-ға төмендеді, деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
"Дер кезінде көрсетілген білікті медициналық көмектің арқасында өлім көрсеткішін 9,7%-ға төмендетуге қол жеткізілді", - деп жазылған хабарламада.
Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 36 мыңнан астам жол апаты тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,4%-ға көп. Жол апаттарының салдарынан 51 мыңнан астам адам жарақат алып, 2 330 адам қаза тапты.
Министрлік мәліметінше, жедел медициналық жәрдем қызметінің деректері бойынша жарақаттар бойынша түскен шамамен 796 мың шақыртудың 44 мыңы, яғни 5,6%-ы жол апатымен байланысты.
Барлық жол-көлік оқиғасының үштен бірі Алматы қаласы мен Алматы облысында тіркелген. Өңірлер бойынша статистика келесідей:
Алматы қаласы - 8954;
Алматы облысы - 5987;
Жамбыл облысы - 3276;
Ақтөбе облысы - 3053;
Атырау облысы - 2785.
Жедел жәрдем бригадаларының келуінің орташа уақыты халықаралық ұсынымдарға сәйкес келеді және қалада шамамен 8 минутты, ауылдық жерлерде 9 минутты құрайды.