АСТАНА, 27 наурыз – Sputnik. Қарағанды қаласында екі адамды өлтіргені үшін іздеуге салынған ер адам өз-өзіне қол салды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
26 наурыз күні көпқабатты үйдің пәтерінде 38 жастағы әйел мен оның кәмелетке толмаған қызының мәйіті табылған болатын. Олардың денелерінде зорлық-зомбылық белгілері бар. Марқұмдармен бірге тұрған ер адам күдікке ілінді. Оған іздеу жарияланды.
Бүгін жедел іздестіру шаралары барысында Ақтоғай ауданында 39 жастағы ер адамның денесі табылды.
"Алдын ала мәліметке сәйкес, ол өз атына тіркелген қарудан өз-өзіне оқ атқан", - дейді полицейлер.
Тергеу шаралары жалғасып жатыр.