АСТАНА, 19 наурыз – Sputnik. Елдегі балабақшаларда дау-дамайларды реттейтін медиация қызметтері құрылады, деп хабарлады оқу-ағарту министрлігі.
"Барлық мектепке дейінгі, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында медиация жүйесін іске қосып жатыр. Бұл бастама балалар, студенттер, педагогтар мен ата-аналар арасындағы түсініспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа құрылым буллингтің алдын алуға бағытталады", - деп жазылған хабарламада.
Балабақшаларда аталған құрылым тәрбиешілер мен ата-аналарға бүлдіршіндер арасындағы келіспеушіліктерді реттеуге көмектеседі.
Сондай-ақ, балалардың бойында кішкентай кезінен бастап тіл табысу, бөлісе білу, ортақ мәмілеге келу және жанжалдардан бейбіт жолмен шығу дағдыларын қалыптастырады.
Колледждерде бұл тетік студенттер арасындағы араздықты шешуге, қорлық көрсету жағдайларына жол бермеуге және білім алушылар арасындағы қақтығыстарды азайтуға септігін тигізеді.